Өнер • 07 Маусым, 2018

Алматы музейінде «Ел жүрегі – Астана» көрмесі ашылды

468 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Астана қаласының 20 жылдығына орай Алматы музейінде «Ел жүрегі – Астана» көрмесі ашылды.

Алматы музейінде «Ел жүрегі – Астана» көрмесі ашылды

Көрменің ұйымдастырылуы  қала тұрғындары мен қонақтарын Елорданың тарихымен таныстыру, сонау Сарыарқа төрінде орныққан ғажайып қаланың тарихына үлес қосқан қазақстандық сәулетшілердің еңбегін насихаттауды мақсат етеді.  Астанада бой көтеруге тиісті нысандардың алғашы жобалануы мен жүзеге асырылғанға дейінгі кезеңдері, сондай-ақ елорданың келешегіне қатысты жобалар да көрмеден орын алған.

Жаңа астананың бой көтеруі әрине, оңайға соққан жоқ. Бас қаланың құрылысына еліміздің өндіріс орындары, құрылыс компаниялары атсалысты. Түркия, Италия, Франция, Швецария, т.б. елдердің сәулетшілері мен құрылысшылары тартылды. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші,  айналасы он жыл ішінде қазақ даласында келбетті қала бой түзді. Ал Астананың көшірілуімен бірге ел дамуының жаңа кезеңі басталды.

Көрменің салтанатты ашылуында Алматы қаласы Мәдениет және архивтер басқармасының Тарихи-мәдени мұралар бөлімінің жетекшісі Н.А.Какижанова құттықтау лебізін білдірсе, Астананың бой көтеруіне бір кісідей атсалысқан еліміздің Құрметті сәулетшісі Төлеген Әбілда Астана жобасы басталған алғашқы жылдардағы сәулет жұмыстарының қалай жүзеге асқаны туралы естеліктерімен бөлісті.

Астананы жобалауға қатысқан, бүгінде өмірден өтіп кеткен Қалдыбай Монтақаевтың Қазақстан сәулетінің тарихындағы орны айрықша. Еңбек жолын  «Алматыгипрогор» мекемесінде сәулетшіліктен бастаған Қалдыбай Монтақаев Алматы сәулетімен қатар Астананың да қалыптасуына атсалысты. 1996 жылы оның басшылығымен сәулетшілер тобы Астананы дамытудың бас жоспарын әзірлеу байқауында жеңіп шыққан болатын.

Көрме қонақтарына сәулетшінің жары Жібек Рамазанқызы мен италиялық дизайнер Франческо Капилетти Қалдыбай Монтақаевтың күш-жігерін, өнерін салып жасаған жобаларының бүгінде зәулім ғимараттарға, заманауи қалаға айналғанын таңданыспен жеткізіп, сағынышпен еске алды.

Көрмеге көрік беріп тұрған Т.Әбілда, Ш.Матайбеков, И.Иманқұлов, А.Сауменов, Я.Эзау, В.Кушенко, А.Рүстембеков, Т.Ералиев сияқты еліміздің танымал сәулетшілері жасаған ғимараттар өзінің ғажайып сән-салтанатымен ерекшеленеді. Көрмеге келушілер үшін әр жобамен танысып, кеңінен ақпарат алуына мүмкіндіктер қарастырылған. Тамыз айына дейін жалғасатын Астанаға арналған көрмеге қала қонақтары мен мәдени орталықтардың өкілдері қатысты.

Эльвира СЕРІКҚЫЗЫ,

«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ